Мөде хан Дун-Хуға бос жатқан жерді берген бе?
Мөде хан Дун-Хуға бос жатқан жерді берген бе?
09.11.2020 15:16
503
0

Мөденің билік тағына келуі (б.з.б. 209 жыл) көрші тайпаларды үрейлендірді. Дунху конфедерациясы ғұндарға бірқатар талаптар қойып елшілер жібереді. Қытай деректерінде бұл оқиға келесі сюжетпен суреттелген: «Дунху Үйі гүлденіп тұрған. Мөденің әкесін өлтіріп, патша болғанын естіген Дунху оған елші жіберіп, Тұманнан (бұрынғы әмір, Мөденің әкесі) қалған мың лилік сәйгүлікті (күніне мың ли, яғни 579 км. жерге шабатын ат) қаламақ ниетінің барын білдіреді. Мөде ақсүйек бектерін шақыртып алып, кеңес құрады.

Ақсүйектер оған қарсы «мыңлилік тұлпар ғұндардың қазынасы ғой, беруге болмайды», - дейді. Оларға Мөде: көрші тұрған жұрттан бір жылқыны аяған болмас,- дейді де, мыңлилік сәйгүлікті беріп жібереді. Арада біраз уақыт өткен соң Дунху Мөдені өзінен қаймығады деп ойлап, тағы да елші жібереді.

Бұл жолы одан ханымдардың біреуіне көңілі құлағанын білдіріп, Яньжиді атап сұрайды. Мөде өз төңірегіндегі жақын жүргендердің ақыл - кеңесіне тағы да жүгінеді. Төңірегіндегілер : Дун - ху ұятсыз адам екен, Яньжиді сұрауын қарашы, деп таңғалысып, оған соғыс жариялау керек, - деп кеңес береді. Мөде бұл уәжге, көрші тұрған кісілерден бір әйелді аяп қажеті не? – деп сүйікті Яньжиін Дун - хуға беріп жібереді. әкім Дун - худың айтқаны екі болмай, әбден кердең кетеді. Ғұндардың иелігінде Дун - худан батысқа қарай кең жатқан мың лидей бос жер бар еді. Онда тек шекара бойлай екі жақта тұратын қарауыл күзеті ғана болатын. Дун - ху екі жақты шекара күзетінің арасында бос жатқан ғұндарға тиесілі, бірақ оларға қолайсыз жерлерді алғысы келетінін Мөдеге айту үшін елші аттандырады. Мөде бектерінен ақыл сұраса, олар: бұл қолайсыздау жер ғой, беруге де, бермеуге де болады, - деп былқылдатады.

Сонда Мөде терісіне сыймай: Жерді беру керек деп ақыл айтқандардың бәрінің басын алады». «Жер мемлекеттің негізі» деп ұран шақырып Мөде шаньюй жауларына аттанды. Әскерімен келген Мөде Дун - ху Үйін талқандап, жеңіске жетеді. Қайтар жолда ол батыста тұрған юэчжилерге жорық жасап, оларды жерлерінен қуады, оңтүстігінде Ордос билеушілерін бағындырып, Мын Тхян қолбасшы басып алған хундардың жерлерін қайтарып алады. Билігінінің алғашқы жылдарында Мөде шаньюй Қытай шекараларына қатты соққы беріп, Хань әулетінен Ордосстағы ғұн иеліктерін қайтарады. Б.з.б. 200 жылы қытайлықтар империя шекарасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету қамымен үлкен әскер құрып ғұндарға қарсы жорық ұйымдастырады. Бірінші қақтығыста ғұндар артқа шегінеді, Қытай әскерінің авангарды Гао Ди императормен бірге негізгі әскерден алға ұзап кетеді.

 

«ДӘСТҮРЛІ ҚАЗАҚ ЭТНОГРАФИЯСЫ» кітабынан

0 пікір