Майқы би туралы не білеміз?
Майқы би туралы не білеміз?
28.10.2020 13:16
392
0

  Қырық сан қырым, отыз сан үрім, он сан оймауыт, тоғыз сан торғауыт, он сан ноғай бөлінгенде орманбет би өліп, ноғайлы елі бір үріккен ала тайдан жау келіп қалған екен деп үрейленіп бүлініпті. Сол заманда Қобан, Қоғам және Майқы есімді ағайынды үш кісі болады. Майқы тоғыз ханды қолдан таққа отырғызған кісі екен. Бұхара шаһарына Қырымнан келген қырық ханның бірі Қызыл Арыстанның үлкен әйелінен бала болмай, хан аяқ салған бір тұтқын қыздан ұл туады, ұлдың денесі сауысқандай ала болады. Бәйбішесі қызғаншақтықпен ханға: «Мұны балам деп ойлама, көзін құрт. Өйтпесең түбінде бұл ер жеткен соң еліңді ала тайдай бүлдіреді», - дейді. Қызыл арыстан бәйбішесінің сөзіне еріп, әскерлерінен қырық жігіт бөліп, олардың басшысына: «Мына баланы тапқан шешесімен Сырдариядан әрі өткізіп тастаңдар, өлсе өлер, өлмесе өз бетімен күн көрер. Зихар шешесі де, бала да бұл елге қайтып келмейтін болсын, өздеріңе де бостандық»,- дейді.
  Қырық жігіт Сырдариядан өтіп, бала есейгенше Қаратау мен Алатау өңірінде аң аулап күнелтеді де, бала он екі жасқа жеткенде бір жерге әкеп тастап кетеді. Балаға аң аулап жүрген Майқы бидің баласы үйсін кез болады. үйсін далада көргенін үйге, әкесіне айтып келеді.

-        Бір ағаштың түбінде отырған бала көрдім, ай десе аузы, күн десе көзі бар, көрген кісі қызығып, бір қасық сумен жұтып жібергендей. Жалғыз-ақ айыбы тілі жоқ екен, - дейді.

  Майқы аяғы ақсақ, өмір бойы аяқ арбамен жүретін және арбасын адамға жетектететін кісі екен.

-        Балаға мені апарыңдар, мен тілдесіп көрейін, - дейді Майқы. үйсінге ілеспеген, тіпті сөйлеспеген бала Майқыны көргеннен-ақ орнынан ұшып тұрып:
-        Ассалаумағалейкум, хан біткеннің қазығы, бұқара жұрт тың азығы,—деп оған сәлем береді.
-        Уағалейкумассалам, балам. Әменде аман бол. Өзің болайын деп тұрған ұл екенсің, қолына алып тәрбиелеушінің жоқтығынан кем болып жүр екенсің. Кел арбаға мін, - деп баланы Майқы қасына отырғызып, үйіне алып келеді.

Ортан жілік ұстатып, өкіл бала қылады, жорға бие сойып, жоғарғы елді шақырып, ұлан-асыр той жасайды. Бала ер жеткен соң «ердің ері, егеудің сынығың деп, қасына өз баласы үйсін бастаған жүз жігіт қосып беріп, жолға аттандырады.

-        Қаратаудан асып әрі қарай жүре беріңдер, алдарыңнан Ұлытау, Кішітау деген таулар, Қаракеңгір, Сарыкеңгір деген өзендер кездеседі. Сол жерлерге барып аң аулап, ірге теуіп орнығыңдар, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ел-жұрт болуды ойлаңдар. Күндердің күнінде осы бала хан болады, сендер қарақшы боласыңдар. Хан ақылды, әділ болса, қарашасы ынтымақты, батыл болса, қара жерден су ағызып, кеме жүргізеді, - деп Майқы бата береді. Жүз жігіт Қаратаудан асып, Шу, Сарысу өзендерінен өтіп, Майқының айтқан жерлеріне жетеді. Ұйқы бұзып, жылқы алады, күйме бұзып, қыз алады. Сөйтіп, ел-жұрт бола бастайды, дабысы Қызыл Арыстан ханға жетеді.
-        Менің баламды қасына жігіт-желең ертіп желіктіріп жібергені қалай? Менен қалағанын алып, баламды өзіме қайтарсын! - деп хан, Майқы биге кісі салады.
-        Сендер барып шақырып келіңдер, - деп Майқы бірінші жүз жігіттің артынан Қобанұлы Болатқожа бастаған екінші жүз жігіт жібереді. Бірақ бұлар да қайтпай, сонда қалып қояды. Қызыл Арыстан: «баламды қайтарсын» деп мазалай берген соң, Майқы Қоғамұлы Алшынды басшы етіп үшінші жүз жігіт жібереді, жігіттерге басшы, ақылшы болсын деп қастарына он бір қария қосып береді. Бірақ бұлар да қайтпайды.

Сөйтіп, Майқы би үйінде жатып-ақ үлкен іс бітіреді, қазақ хандығының негізін салады. Үш жүз жігіт алыстан мал алып, қалыңсыз қатын алып, өсіп-өніп көбейген соң, ел-жұрт болғанымызды танытамыз деп баяғы Қызыл Арыстанның баласын алашаға отырғызып, ұлытаудың басында хан көтереді, атын Алаша хан қояды...

0 пікір