Құда түсу
Құда түсу
17.01.2021 12:18
113
0

    «Итбай Тұрлығұлға құда түсіп мал алуға даярлана бастады» (С. Көбеев). Ертеден және қазірде де жалғасып келе жатқан жақсы әрі жарасты дәстүрлердің бірі – құда түсу. Жігіттің кесі немесе жақын туыстары қызы бар үйге құда түседі, яғни бойжеткен қызын сұрайды. Құдалар құрметке лайық сыйлы адам деп саналады. Қыз әкесі келісім берген соң құдалықтың жөн жоралғыларын жасайды. Оның түрі өте көп... мысалы: құда аттанар, құда тарту, ат байлар, құйрық – бауыр тағы басқа ырымдар мен кәделер, алымдары болады.  Құдалықты басқарып барған адам «бас құда»  деп аталады.  Тұрмыс құратын жігіт пен қалыңдықтың әкелерін «бауыздау құда» деп аталады. Құда түсу кішігірім  той-думанға айналады.

         Құда түсудің көптеген ырымдары мен кәде жоралары бар. Олар: шашу, тойбастар, қарғыбау, біз шаншар, шеге шапан, келін тілі көпшілік қыстырар, сандық салар (қоржын салу), табалдырық кәдесі, өлі-тірі, бата аяқ, той малы, сүт ақы, жігіт-түйе, атбайлар, құйрық-бауыр, шай құяр, түйемұрындық, қосақбау, құрықбау, қалың мал, қапқа салар, кебіс салар, құда аттанар т.б.

Бұрынғы құдалық

    «Сапақ үш жүзден құда болуға бай кісі таңдайды. Кіші жүзде Байсақал деген бай бар деп, байлығын өзіне тең көріп, сол Байсақалға Кенесары – Наурызбайдың ағасы Саржан төрені алып, елу кісімен құда түсуге барады.

      Сонымен Байсақал құдаларының ортасына бір сәукеле жібереді, «Қызымның қарақан басы, мінген аты, артқан түйесі, тігілген отау қылған жасауы – бәрі сатусыз, тегін. Бір сәукеленің құнын берсе болды» - депті.  Басы Саржан төре –отырған құдалар сәукелені малға шамалап, өздері пішіп, өздері кесіп, «бес жүз байталға тұрады екен» десіп шешсе керек. «Мұның қызының қалың малы бес жүз жылқы болсын» десіпті. Үш жүз жылқы – қара малы болсын, жүз жылқы – үйге кіргізері, жүз жылқы – той малы. Байсақал келген құдаларға: «Өздерің жүз болып келмей, елу болып келген екенсіңдер. Жүз болып келсең, жүз – жүзден қылар едім, менен көрме, өздеріңнен көр» деп, ер басын санын елуге жеткізіп киіт қылады. Түйеден елу, аттан елу, тайтұяқ жамбыдан елу, қойтұяқ жамбыдан елу, не болса, ол болсын елу аң терілерінен де елу түрлі қылды. Сиырдан елу, қойдан елу, аң терілерінен де елуен. Сапақ та бес жүз жылқыны бір – ақ айдатты.

       Мұнан бұрын қазақта қырық жетіден басқа қалың мал ауызға алынып аталмаған. Қырық нарда сексен бұрау болған. Байсақалдың қызы Сапақтың ордасына келін болып түскенде бес отау, бір алтын шатыр, жетім жетіммен түсіпті. Сонда қыздың өзіне арналған отаудың уығын атпен жүріп байлаған екен. Керегенің басында тұтам күміс, аяғында тұтам күміс, уық қанша болса уықтың бау өткізер жерінде тұтам күміс, қаламында тұтам күміс, шаңырақтың өзінде де, күлдіреуішінде де тұтам күміс. Түйе ауғанда, түйе басында екі бұрау – ұзындығы уықтай ағаш, оның екі басында да тұтам күмістен. Дүниелігін атпен жүріп уығын шаншып қойған үйдің ортасына алып келіп үйе бергенде күлдіреушігіне тиді десе боларлық болды.

        Сонда Сапақтың бйбішесінің көзі, көңілі тойғандықтан «дүние, шіркін, жияйын десе, жиыла береді екен-ау» - депті» (Мәшһүр Жүсіп).

Дереккөз: С. Кенжеахметұлы  "Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары" кітабынан. 

 

 

0 пікір