Мүшел
Мүшел
20.01.2021 12:52
74
0

   Қазақтың ұлттық ұғымында жас саны мүшелден есептеледі. Халық  даналығында осы қағида шын мәнінде тапқырлық санақ есебі екенін әркімдер, тіпті ғылымының өзі де мойындайды.  Бұл тәсіл өткен жылдары есептеуге де, адам жасын анықтауға да өте ыңғайлы әрі бірден-бір оңай есептік жүйе. Мүшелдің алғашқысы 13 жастан бастап, кейін әр мүшел сайын 12 жылдан қосып отырады. Сонда екі мүшел 25, үш мүшел 37, төрт мүшел 49 және одан әрі осылайша есептеле береді. Бұрынғы кісілер жасын айтқанда « бес мүшелден екі жыл астым» (63 жас), «жеті мүшелге толдым» (85 жас) дейді. Мүшелдің 12 жылдан қайырылуының өзі адам өмірінің елеулі кезеңіне сәйкес келеді. Мысалы бір мүшел (13) балалық, екі мүшел (25) күш-қуаттың толысуы, үш мүшел (37) жан-жақты толысу, төрт-бес мүшел (49-61) кемелдену және одан әріге  қарттық дәуірге сәйкес келеді. Халық ұғымында әр мүшел адам өміріне қауіпті жыл деп саналып, мүшел жасында жаңа киімін біреуге беріп, жаратушыдан саулық тілейді, «құдайы» таратады. Бұл жасында әр адам сақтанып жүреді, алыс, ауыр сапарларға шықпайды. Ауа райының қолайсыз кезеңдерінде абайлап жүреді. Қазақтардың мұндай сақтануы негізсіз де емес. Өйткені адам ағзасында әр 12 жылда үлкен өзгерістер болып тұрады. Ертедегі шығыстық ғылым осыны анықтаған.

Дереккөз: С. Кенжеахметұлы  "Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары" кітабынан. 

 

0 пікір