Бәтеңкемді көрдіңіз бе?
Бәтеңкемді көрдіңіз бе?
24.08.2020 11:27
347
0

 

     Ойбай-ай, ойбай-ай бәтеңкемді жоғалттым.

     Шешіп қойсам орнында жоқ. Құрметті пенделер ау бәтеңкемді көрдіңіз бе?

     Бір мұсырман ұшыраса кетіп жөн сұраса қойсын:

     –       Түрі қандай еді?

     –       Қара еді. Жүрген жолы сары еді дедім.

     –       Размері ше?

     –       Қырық бір.

     –       О, онда Отан соғысымен құрдас екен ғой.

     –       Сауатсыз сандалбай-ау туған жылын емес, размерін айтам, размерін.

     –       Бауы бар ма еді?

     –       Бар еді. Жаны жамау, өкшесі қисық, майланбаған қара еді. Жүрген кезде сүйретіліп, шиқылдап жүретін. Хал-қадірімше түсіндіріп жатырмын. «Көрдім»- деген жауап болмады. Сосын базар жақтан сұрастырайын деп шештім. Құдай-ау десеңізші. Заман өзгерді ме, жоқ адам өзгерді ме, базар базарлап жүргеннің бәрі адам емес аяқ киім болып кеткені несі!

     Бұлда болса «экономның» бір түрі. Мүмкін аяқ киімнен салық алмайтын шығар деп ойладым.   

     Қой тұра бергенше мына бір галоштан сұрайын.

     «Ап-ай!» Ой-бу кешіріңіз, апайы несі? «Калош апа» дейін.

      –       «Калош апа», бәтіңкемді көрдіңіз бе?

      –       Басымды ауыртпа айналайын. Өзім нанымды сата алмай жүрмін деді. Сосын ол алдындағы тауарларын мақтап дауыстай бастады. Ыс-тық   на-н! Нан алыңыздар-р!

      Міне сізге нарық заманы, адам түгілі аяқ киімінің өзі қазақша сөйлеп кеткен.

      Енді қайтсем екен?

      Анау қызыл туфлиден сұрап көрейін:

      –       Қарындас, ой-бай кешіріңіз. Мен сізді қызарғанға қыз екен деп туфли екенсіз ғой.

      –       Топеке, қара бәтеңке көрмедіңіз бе?

      –       Нашла у кого спросить!

      –       Не деп кетті-ей мына антұрған. Ауылдан келген Айымкүл ма деп қалсам. Кейін мен түрлі қиялдарға беріліп үлгердім. Соңғы кезде сірісінен көп басып қисайтып жіберіп едім соған өкпелеп кетті ме екен, жоқ майланбағаннан ба, деп те ойладым. Қайда кетуі мүмкін?

      Қонышы ұзын етіктен де мыжырайған мәсіден де сұрадым. Хабар жоқ. Болмаған соң иісі жаман «қытайский сартылдақтан» да сұрадым «Сарт – сұрт»  етіп айтып берер деймін де.

      Ешкім көрмепті! Уайымым арта түсті.

      Театрға кетті ме десем, жұрт бармаған театрдан бтеңкем не қылсын!

      Телевидениеге интервью беруге болса да бармайды.

       Не үшін барады ол, жұртқа жыртығын көрсету үшін бе?

       Қой онанда үйге қайтайын деп шештім.

       Есікті ашып кіріп келсем, о, тоба! Ескі бәтеңкем үйімде отыр.

       «Айналайын аяқ киімім менің»- деп, құшақтай алдым. Айтуына қарағанда бейшараның бармаған жері жоқ. Жол ақы қымбат болғаннан соң автобусқа мінбей қаланы жалғыз аралай берген ғой. «Эми – нұр »- кафесінің алдынан өтіп бара жатса екі адам төбелесіп жатыр дейді. Онан ары жүрсе тал түсте бір бойжеткеннің «соткасын» жас жігіттер алып қашыпты. Бәтеңкем байғұс көмектесуді ойлапты да кейін кейбір сақшыларға құсап «қой онанда тыныш жүргенім артық!» Пәлесіне қалармын деп, қоя қойыпты.

       Ал, Вишневский мен Шаумян көшелерінің қиылысында жол апаты болғанға ұқсайды.

      Кейін ол «Зебо» дейме, «Искра», «Мельбурн» дүкендеріне де кіріп, түсінбегендерінің қазақшасын сұрапты. Айта берсе жаңалық көп. Біз қаламызда не болып жатқанын білмейміз ғой. Сосын бәтеңкем бейшара шаршаса керек «бүгінге осы да жетер» - деп, шеберханаға кіріп аузы- басын майлатып, жыртығын жамап, келіп отырғаны осы екен. Рахмет!

     Мен енді үйден шықпайтын болдым. Базар барғым келсе бұйымтайымды бәтеңкеме тапсырып өзім аяғымды жылы суға ма-ле-еп, телевизор көріп жата беремін.

     Олда болса «экономның бір түрі!».                                                                                                                                                                                                                     

  Авторы: Ералхан Жылқыайдарұлы

0 пікір