ШЫМКЕНТТЕ СОҢҒЫ ҮШ ЖЫЛДА 850 ШАҚЫРЫМНАН АСТАМ ЖОЛ ТӨСЕЛДІ
ШЫМКЕНТТЕ СОҢҒЫ ҮШ ЖЫЛДА 850 ШАҚЫРЫМНАН АСТАМ ЖОЛ ТӨСЕЛДІ
13.09.2021 18:31
37
0
  • Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің кезекті тікелей эфирі жол құрылысы саласына арналды. Әдеттегідей тәртіппен эфир қаладағы эпидемиологиялық жағдайды баяндаудан басталды. Соңғы тәуліктегі жағдай бойынша COVID-19 инфекциясы қаланың 160 тұрғынынан анықталып, дерт жұқтырғандар статистикасы 37 822 адамға жеткен. Жағдай біршама тұрақталғанымен, тұрғындарға вакцина салу жұмыстары бәсеңдеген жоқ.

    Тікелей желінің негізгі тақырыбына көшкен қала әкімі Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында еліміздің ішкі байланысын жақсартуда көлік инфрақұрылымна қатысты нақты тапсырмалар жүктегенін атап өтті.

    Автомобиль жолдары қала экономикасының маңызды секторы екенін назарға алған Мұрат Дүйсенбекұлы, жол сапасын арттыруда нақты көрсеткіштер белгіленіп, іске асып отырғандығын жеткізді.
    Бүгінгі таңда Шымкент қаласындағы жолдардың жалпы ұзындығы 3247 шақырымды құрайды. Биыл жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 63,6 пайызға жеткізу жоспарланған.

    Республикалық қала мәртебесін алған 2018 жылы бұл көрсеткіш 53 пайызды құраған. Қала әкімі осы жылдар ішінде көлік жолдарының сапасын арттыруға айрықша мән беріліп, салаға бөлінген қаражат пен жұмыс көлемі еселеп артқанын мәлімдеді. Соңғы үш жылда қала бойынша 850 шақырымнан астам жол төселгенін айтты.

    Атап айтқанда, 2018 жылы 4,1 млрд теңге қаралып, 222,6 шақырым болатын 112 нысанда жол құрылысы, жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 2020 жылы 416,8 шақырым болатын 261 жол нысаны қамтылып, 21,9 млрд. теңге қаржы бөлінген. Биылғы жылы 311,3 шақырым болатын 182 жол нысандарында құрылыс-жөндеу жұмыстарын жүргізуге 34,8 млрд. теңге қаралды. Оның ішінде ауқымды жобалар – А-2 айналма жолының кезеңдік жұмыстары, Қонаев даңғылы жалғасының құрылысы, Қонаев-Рысқұлов көшесінде жолайрық құрылыстары қамтылған.
    Биылғы жоспар бойынша қала аудандарында 71 көше күрделі жөндеуден өткізіліп отырса, орташа жөндеумен 9 магистралды және 151 ішкі орамдық көшелер қамтылған. Жыл соңына дейін 270 шақырымнан астатын 169 нысан пайдалануға берілмек. Шағал тас төсеу жұмыстары 157 шақырымдық 277 көшеде жоспарланып, атқарылуда. Жер асты инфрақұрылым желілері тартылған аумақтардың жолдарына тас төсеу үшін қосымша 500 млн. теңге қарастырылған.Қала басшысы эфир барысында А-2 айналма жолының құрылыс барысы, жолайрық құрылыстары, Қонаев даңғылының жалғасы жобалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар бойынша мағлұмат беріп, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы бастамалар жөнінде кеңінен тоқталды.
    Тікелей эфирде шаһар басшысы тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, жол саласындағы әрбір нысанға жеке-дара тоқталды.
0 пікір