Республикалық жаңа ақпараттық-ұлттық портал іске қосылды
Республикалық жаңа ақпараттық-ұлттық портал іске қосылды
01.11.2020 15:28
794
0

Армысыздар, аса қадірменді оқырмандар! Ақпарат әлемінде жаңа саяси-әлеуметтік ұлттық портал дүниеге келгенін қуана хабарлаймыз.  «Dabyl.kz» ақпараттық-ұлттық порталы «Саясат-ақпарат»  республикалық қоғамдық-саяси газетінің 10 жылдық мерей тойының қарсаңында ашылып отыр.

Он жыл бойы газетіміз республика көлеміндегі қарапайым халықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдап елмен бірге жасасып келе жатыр. Біздің газеттің араласуымен көптеген әулеттің басына түскен өте күрделі мәселелер өз шешімін тапқанын бүгінде қуанышпен еске аламыз. Бірде әдейі өлтіріліп, өтірік «жабылып» кеткен баланың өлімін зерттедік, бірде шенеуніктердің  алаяқтығымен «қолды» болған мыңдаған гектар жерді мемлекетке қайтарғыздық, тағы бірде жалаң жаламен 11  жылға сотталып кеткен бір жігітке араша түстік... Түркістан облысы көлемінде көптеген елді-мекендердің төселмеген жолын, жүргізілмеген ауыз суын қозғадық. Заңды белден басып, қылмыс жасаған қаншама әкім-қаралардың «жылы» орындарымен қош айтысуына себеп болдық. Бір тақырыпты жылдар бойы зерттеуге тура келген кездер де болды. Шенеуніктермен шеңдескен, соттардың өзімен соттасқан, әкімдермен айқасып, прокурорлармен «белдескен»  кездеріміз аз болған жоқ. Осылай жүріп газетіміздің 10 жылдық сындарлы жолы да артта қалыпты. Әрине, біз бұл істерімізді мақтан етіп, тоқмейілсуден немесе болмасақ та болдық деп, толмасақ та толдық деп тоқтап қалудан аулақпыз. Керісінше, заман талабына қарай биік белестерге бет алуға бел байладық. Міне, осы мақсаттан сіздер оқып отырған «Dabyl.kz» ақпараттық-ұлттық порталы дүниеге келді.

Енді біз газетімізбен бірге әлемдік ақпарат айдынында өз жұмысымызды жалғастыратын боламыз. Енді қарапайым халықтың мұң-мұқтажын ғаламтор бетінде көтеретін боламыз. Сонымен қатар жаңа порталда ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетіміз, төл өнеріміз бен салт-дәстүріміз, үкілі  қыздарымыз бен  азамат жігіттерімізге арналған ақпараттар, т.б. көптеген ұлттық мұраларымыз жарияланатын болады.

Ендігі жерде сіздерден өтінеріміз, осы порталды барынша таратып, қазақ елінің әрбір шаңырағына дейін жеткізуге бір кісідей ат салысайық. Біздің порталды оқыңыздар, әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыздар. Өздеріңізді мазалаған саяси, әлеуметтік мәселелер болса, «sayasat_akparat@mail.ru» электронды поштамызға жолдаңыздар. Міндетті түрде сіздерге жауап берілетін болады...

Егер де соттан, прокуратарадан, тергеу орындарынан, әкім-депутаттардан зәбір көріп, қиналып жүргендер болса, 8 771 795 41 57 нөміріне хабарласыңыздар! Журналистік зерттеу жүргізіп, заңгерлік көмек беріп, адалдық үшін бірге күресетін боламыз!

 

Құрметпен,

«Dabyl.kz» ақпараттық-ұлттық порталының жетекшісі: Мамықова Назипа Дарханбайқызы

0 пікір