Еуропалық одақ пен Орталық Азия елдерінің Ауғанстан бойынша арнайы өкілдерінің кездесуі туралы
Еуропалық одақ пен Орталық Азия елдерінің Ауғанстан бойынша арнайы өкілдерінің кездесуі туралы
17.04.2021 14:36
38
0

Нұр-Сұлтан, 2021 жылдың 15 сәуірі - Еуропалық одақ пен Орталық Азия елдерінің Ауғанстан бойынша арнайы өкілдерінің алғашқы кездесуі бейнеконференция форматында өтті. Іс-шара Ауғанстан бойынша кеңейтілген өңірлік ынтымақтастыққа, оның ішінде ортақ бастамаларды әзірлеуге арналды. Кездесуге ЕО-ның Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Питер Буриан, ЕО-ның Ауғанстан бойынша арнайы өкілі Роланд Кобиа, сондай-ақ Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Түрікменстанның Ауғанстан бойынша арнайы өкілдері қатысты.


Қазақстан Республикасы Президентінің Ауғанстан бойынша арнайы өкілі Талғат Қалиев өз сөзінде Қазақстан Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру жөніндегі халықаралық күш-жігерді әрдайым қолдайтынын, бұл елге жыл сайын жан-жақты көмек көрсетіп отырғанын мәлімдеді.


Т.Қалиев Ауғанстанды қалпына келтіру үшін кеңейтілген өңірлік ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, еуропалық серіктестердің осы бағыттағы ықпалдастығын жоғары бағалады.


Кездесу қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме қабылданып, онда қатысушылар Ауғанстандағы жағдайды реттеу жөніндегі барлық халықаралық бастамаларға қолдауын, сондай-ақ бейбітшілік орнатуға үлес қосу мақсатында кең ауқымды ынтымақтастыққа ортақ бейілділігін қуаттады.


Дереккөз: ҚР Сыртқы істер министрлігі

0 пікір
Соңғы Жаңалықтар