АРНАЙЫ САЙТ АРҚЫЛЫ ҰЛТТЫҚ ХАЛЫҚ САНАҒЫНА ОНЛАЙН ҚАТЫСУҒА БОЛАДЫ
АРНАЙЫ САЙТ АРҚЫЛЫ ҰЛТТЫҚ ХАЛЫҚ САНАҒЫНА ОНЛАЙН ҚАТЫСУҒА БОЛАДЫ
23.07.2021 11:13
29
0



Шымкентте Ұлттық халық санағының 1-кезеңінде санақ жүргізушілер тұрғын үйлер мен онда тұратын тұрғындардың санын нақтылау мақсатында әрбір елдімекенді аралап, аудандастыруға дайындықты қарқынды жүргізді. Миллион тұрғыны бар үшінші мегаполистің нақты халық саны туралы мәлімет ұлттық санақтың 2-кезеңінен соң мәлім болады. Ол 1 қыркүйектен 30 қазанға дейін созылады.

ҚР халқының ұлттық санағын өткізуге дайындық барысы бүгін қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбековтің төрағалығымен өткен комиссия отырысында пысықталды. Басқосуда аудан әкімдері мен басқарма басшыларына дайындықты күшейтіп, санақ жұмыстарына кедергі келтіретін мәселелерді шешу бойынша нақты тапсырмалар берілді.

- Ұлттық санаққа үлкен жауапкершілік және патриоттық рухпен қарауымыз қажет. Өйткені, он жылда бір рет өткізілетін бұл шара әр отандасымыз үшін тарихи сәт. Оның маңыздылығын түсіндіріп, үгіт-насихат жұмыстары арқылы тұрғындарды белсенділік танытуға шақырамыз. Түптеп келгенде қаланың қаржыландырылуы мен алдағы даму бағыты да осы санақтың қорытындысына байланысты, -деді қала әкімінің орынбасары Е.Білісбеков.

Сондай-ақ, комиссия отырысында картографиялық материалды өзектендіру қажеттілігі айтылды. Жиын Төрағасы құзырлы басқарма басшыларына көтерілген мәселелерді кешіктірмей ретке келтіруді тапсырды.

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері үшінші рет өткізілгелі отырған халық санағы биыл екі әдіспен жүргізіледі: онлайн-санақ және дәстүрлі үйлерді аралау арқылы. Тұрғындар 1 қыркүйек – 15 қазан аралығында sanaq.gov.kz сайты арқылы онлайн-санақтан өте алады. Интернет арқылы тіркелген респонденттерді интервьюерлер екінші рет сауалнамадан өткізбейді.

1-30 қазан аралығында санақ персоналдары үй-үйді аралайтын болады. Тұрғындардың мәліметтері планшеттерге енгізіледі. Ұлттық статистика бюросының Шымкент қаласы бойынша департаментінің мәліметінше, санақ жұмыстарына шаһарда 1490 санақ персоналын, яғни 186 нұсқаушы-бақылаушы және 1304 интервьюерді жұмылдыру жоспарланған.

Эпидемиологиялық жағдайға байланысты санақ жүргізетіндер тек вакцина ектіргендерден жасақталады. Санақ жұмыстарын жүйелейтін штаб ғимараттарына «Ашық» қосымшасы орнатылады.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

 

0 пікір